Жексенбі, 14 желтоқсан күні Австралиядағы Сидней қаласының Бонди-бич жағажайында екі кісі еврейлердің Ханука мерекесін тойлау кезінде жұртқа оқ жаудырып, 15 адамды мерт қылды. Дүйсенбіде ел билігі шабуылды антисемиттік "терроризм" деп атады.
Шабуылға әкелі-балалы екі ер адам күдікті саналып отыр. Олардың бірі – 50 жастағы азамат оқиға орнында қаза тапқан, ал оның 24 жастағы ұлы ауыр жараланып, ауруханаға жеткізілген. Бұл туралы дүйсенбідегі баспасөз мәслихатында полиция хабарлады. Шабуылдан опат болған бейбіт адамдардың ең жасы 10 жаста, ең үлкені 87 жаста.
Рейтер агенттігінің жазуынша, полиция шабуылға күдікті екеудің аты‑жөнін атамаған, бірақ олардың үлкені 2015 жылы қару-жарақ ұстауға лицензия алып, өз атына 6 қару тіркеп алғанын хабарлады.
Австралияның ABC мемлекеттік телеарнасы мен жергілікті баспасөз құралдары күдіктілердің аты-жөні – Сажид Акрам мен оның ұлы Навид Акрам деп хабарлады.
Елдің ішкі істер министрі Тони Берк күдіктілердің үлкені Австралияға 1998 жылы студент визасымен келгенін, ал ұлы осы елде туғанын мәлімдеді.
Австралия қару-жарақ иемденуге қатаң талап қоятын елдер қатарында. Бірақ жексенбідегі атыстан соң, қару-жарақ туралы заң қаншалық дұрыс жұмыс істеп тұр деген тақырып төңірегінде пікірталас өрбіді.
Премьер-министр Энтони Альбанезе үкіметке лицензиясы бар адамға рұқсат етілген қару-жарақ санын қысқарту және лицензия мерзімін шектеу жөнінде ұсыныс білдіретінін мәлімдеді.
"Адамдар өзгереді. Уақыт өте радикалдануы мүмкін. Лицензия шексіз уақытқа берілмеуі керек", – деді ол журналистерге.
Желі қолдаушылары жолдаған видеодан скриншот. Онда атыс кезінде адамдар жағажайдан қалай қашқаны көрінеді.
ШАБУЫЛДАУШЫНЫҢ ҚАРУЫН ТАРТЫП АЛҒАН АЗАМАТ
Куәгерлердің айтуынша, 10 минутқа ұласқан атыс кезінде Ханука мерекесін тойлап жатқан мыңға тарта адам бас сауғалап қашуға мәжбүр болған.
Әлеуметтік желіде тараған видеода шабуылдаушының бірінен қаруын тартып алған әлдебір азамат көптің назарына ілінде. Австралиялық 7News телеарнасының хабарлауынша, ол адам – 43 жастағы Ахмед әл-Ахмед. Туыстарының айтуынша, көкөніс дүкенін ұстайтын бұл адамдға екі рет оқ тиіп, ота жасалған. Дүйсенбі күні түс мезгіліне дейін жұрт оған 365 мың доллар жинаған.
Шабуыл құрбандарын аза тұтқан жұрт оқиға орнына келіп, гүл қойды. Сидней, 15 желтоқсан, 2025 жыл.
ӘЛЕМ ЛИДЕРЛЕРІНІҢ РЕАКЦИЯСЫ
Австралия премьер-министрі Энтони Альбанезе дүйсенбі күні оқиға орнына барып, гүл қойды.
"Кеше біздің көргеніміз – Австралияның танымал орнындағы зұлымдық, антисемитизм және терроризм акті", – деді үкімет жетекшісі журналистерге.
Альбанезе бірқатар елдің басшылары қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтып, қолдау білдіргенін, олардың арасында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Франция президенті Эммануэль Макрон барын айтты.
Жексенбідегі атысқа дейін елде бірқатар антисемиттік шабуыл тіркелген. Мұндай шабуылдар 2023 жылы қазанда Израиль Газада ХАМАС радикал тобының шабуылына қарымта ретінде әскери операция бастаған соң үдеген.
Сол жылы 7 қазанда АҚШ пен Еуроодақ террор ұйымы деп таныған ХАМАС Израиль аумағына басып кіріп, 1200 адамды өлтірген. Осыдан соң, Израиль Газада әскери операция бастады. Газа денсаулық сақтау мекемесінің дерегінше, бұл операция кезінде 70 мыңнан астам палестиндік опат болған.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Австралияның Палестина мемлекеттілігін қолдағаны антисемитизмді күшейтетінін Альбанезеге "ескерткенмін" деді.
Тамызда Австралия Иранды екі антисемиттік шабуылды ұйымдастырды деп Тегеран елшісіне елден кетуге бір апта уақыт берді.
1996 ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ ЕҢ ІРІ ШАБУЫЛ
Австралия әлемдегі ең қауіпсіз елдердің бірі саналады. Жексенбідегі оқиға 1996 жылдан бергі кезеңде осы елде болған ең ірі шабуыл деп танылды. Сол жылы Австралияның Тасмания аралында қарулы адам 35 адамды өлтірген еді.
Сол шабуылдан кейін Австралия үкіметі 12 күн ішінде жартылай автоматты қару ұстауға тыйым салып, қаруды қайта сату бағдарламасын іске қосты және қару-жарақ ұстауды лицензиялау жүйесін енгізді.
Австралия жан басына шаққанда оқтан өлетін адам саны ең төмен елдер қатарында. Алайда, "Австралия институты" зерттеу ұйымының дерегінше, кейінгі жиырма жылда халықтың қолында бар заңды қару-жарақ саны тұрақты өсіп, 4 миллионға жеткен. Бұл 1996 жылға дейінгі көрсеткіштен жоғары.
27 млн халқы бар Австралияда 150 мыңға тарта еврей тұрады. Оның үштен бірі Сиднейдің шығыс бөлігіндегі Бонди ауданында шоғырланған.