Accessibility links

Чили президентін сайлауда оңшыл консерватор Хосе Антонио Каст озды


Хосе Антонио Каст сайлаушымен бірге селфиге түсіп тұр. 25 қазан, 2021 жыл.
Хосе Антонио Каст сайлаушымен бірге селфиге түсіп тұр. 25 қазан, 2021 жыл.

Чилиде президент сайлаудың екінші турының алдын ала қорытындысына сәйкес, оңшыл Республикалық партия кандидаты Хосе Антонио Каст солшыл күштер үміткері Жанетта Харадан айқын басымдықпен озған.

Алдын ала деректерге сәйкес, Каст сайлаушылардың 58,2 пайызының қолдауына ие болған, ал Коммунистік партия мүшесі, бұрынғы еңбек министрі Жанетта Хараға сайлаушылардың 41,8 пайызы сенім танытқан.

Бірінші турдың қорытындысы бойынша, Хара алда болғанымен, сауалнамалар қорытындысы Каст жеңіске жетеді деп болжаған еді, өйткені алғашқы турда жеңіліп қалған бірқатар кандидат оны қолдайтынын мәлімдеген.

Бұқаралық ақпарат құралдары Хосе Антонио Кастты Чили осыдан 35 жыл бұрын демократияға қайта оралғалы бері сайлауда жеңіске жеткен ең консервативті саясаткер деп атайды. Каст – католик дінін берік ұстанатын тоғыз баланың әкесі, жынысы бір адамдар арасындағы некеге және абортқа қарсы саясаткер ретінде танымал. Оның ағасы кезінде диктатор Аугусто Пиночеттің үкіметінде министр болған, ал әкесі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германиядан қоныс аударған, нацистік партияның мүшесі болған. Бұған дейін де президенттікке таласып, сайлауға түкен Каст бәсекелестеріне есе жіберген еді, алайда солшыл президент Габриэль Боричтің төрт жылдық билігінен кейін сайлаушылар бұл жолы оған қолдау көрсетті.

Каст сайлаушыларға елде түбегейлі өзгерістер жасаймын, заңсыз көші-қонмен және қылмыспен күрес жүргіземін, нарықтық реформаларды жүзеге асырамын деп уәде берді. Сарапшылар оның сайлауда жеңіске жеткенін Латын Америкасындағы оңшыл саяси үрдістің жалғасы ретінде бағалап, Аргентина мен Боливиядағы оңшыл күштердің сайлауда озғанын мысалға келтіреді. Каст сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамптың саясатына бүйрегі бұратынын да жасырмайды.

Чилиде президент төрт жыл мерзімге сайланады және екінші рет қатарынан сайлауға түсе алмайды.

XS
SM
MD
LG