Ресей Қазақстаннан жалға алып пайдаланып отырған Байқоңыр ғарыш айлағынан дүйсенбі, 15 желтоқсанда ғарышқа ұшырмақ болған "Протон-М" зымыранында ақау бары анықталған. Бұл туралы жексенбі күні Ресейдің ғарыш саласын басқаратын "Роскосмос" мемлекеттік корпорациясы хабарлады.
"Роскосмос" telegram-арнасында жариялаған мәліметке қарағанда, зымыранның жылдамдығын үдететін бөлігінен мін шыққан. Ақауды жөндеп болғанша, "Протон-М" зымыранын ұшыру кейінге қалған.
"Атқарылуға тиіс жұмыс ауқымы белгіленді, қажетті шаралардан соң зымыран тасығышты жұмыс режиміне сай дайындауды жалғастырамыз", – деп мәлімдеді корпорация бас директорының орынбасары Иван Данилов.
"Роскосмос" ұшу уақытының өзгеруі ғылыми бағдарламаны іске асыруға әсер етпейді деп отыр.
Кейінгі жылдары Ресейдің ғарыш бағдарламасы түрлі келеңсіз жайттарға тап болды. Жемқорлық даулары, бөлінетін қаржының азайғаны, түрлі деңгейдегі апаттар және басшылықтың саясатты ғылымнан жоғары қойды деп айыпталғаны ғарыш бағдарламасының беделіне нұқсан келтірді.
Биыл 27 қарашада Байқоңырдан ұшырылған "Союз-2.1а" зымыран тасығышы екі ресейлік, бір америкалық ғарышкерді Халықаралық ғарыш станциясына жеткізген. Бірақ ғарыш айлағынан ұшқан кезде жылжитын кабина істен шығып, белгіленген қуысына кіре алмай қалған. Салдарынан кемеден шыққан от оны бүлдірген. Бұл апат адам қателігінен болды ма, әлде техникалық ақаудан болды ма – әлі белгісіз. Бірақ "Роскосмос" жөндеу жұмыстары қажет деді.
Апат болған 31/6 ұшу алаңы – Байқоңырдан ғарышқа "Союз" кемесін ұшыра алатын бірден бір қондырғы. Сарапшылар оны жөндеуге ең аз дегенде бірнеше ай кететінін айтады. Тіпті бұл мерзім бірнеше жылға ұласуы әбден мүмкін дейді олар.